Біз түсінен бастайық. Ол ақшыл қызғылт, қанық күлгін немесе ұялшақ беттің қызылы сияқты емес. Жақында ұсынылған Del Monte қызғылт ананасының дәл реңкі сәлдегүл мен жұпар қауынның қосындысына ұқсас — мен Кейп-Кодтағы поло жейделерінде және Дуглас Сирктің ортағасырлық фильмдеріндегі актрисалардың еріндерінде көрген түс. Егер мен кәсіби түс анықтаушысы болсам (бәлкім, мен сондай болуым керек те шығар еді), онда оны “Жасөспірімдік асшаян” деп атайтын едім. Бұл – сіз ликопенді бета-каротинге айналдыратын ферменттердің деңгейін төмендету үшін Ananas comosu ДНҚ-сымен айналысқан кезде алатын нәрсеңіз. Кішігірім түрлендіру кезінде ананастың әдеттегі күн реңкі … 5R 7/6-ке айналады.
Del Monte патенттік мәлімдемесінде көрсетілген бұл епті анықталған реңк 20 ғасырдың басында түс белгілеудің ғылыми әдісін жасауға тырысқан суретші әзірлеген Манселль түс диаграммасынан алынған. Жемістің идеядан шындыққа дейінгі 15 жылдық сапары туралы құжаттамасында Del Monte өз туындысын “Розе” немесе “Өте тәтті қызғылт жұмсағы бар ананас” деп те атайды — және егер сіз компанияның ананас порталынан 49$ үлгісіне тапсырыс берсеңіз, сіз оның сауда белгісімен көрсетілген ресми атауы Pinkglow™ екенін көресіз.
Адамзат тарихының осы кезеңінде тұтынушылық өнімдердің бүкіл топтары әлеуметтік желілерде тойымсыз көздер мен саусақтардың тақылдауын өздеріне тарту үшін жасалған (немесе қайта өңделген). iPhone өлшемді торда жақсы көріну үшін кітап мұқабалары кеңейтілген мұқаба типографиясын қолдана отырып жасалған. “Инстаграм макияж” — бұл жеке санат, ол шынайы өмірде оғаш немесе мазақы болып көрінуі мүмкін өнімдер фотосуреттерде керемет шығу үшін арнайы жасалған. Енді, мүмкін сөзсіз, Instagram Fruit те бар. Pinkglow™ қол жетімді болғаннан кейін, ол #beingpinkglow және #jewelofthejungle сияқты дайын хэштегтермен инфлюенсерлердің парақшаларында пайда болды. Бір фотосуретте екі беті қып-қызыл болып тұрған еркек сәнпаз қолында ұстап тұрған керемет жемістен мінсіз үзім тістеп тұр. “Фильтр туралы алаңдамаңыз”, – дейді бізге Pinkglow™ сайты. “Біз Оны Өсірдік”.
Иә, олар оны өсірді. Ғалымдар 1980 жылдардан бастап дақылдардың ДНҚ-сын өнімдердегі дәрумендердің мөлшерін көбейту, кейде ауруға төзімділікті арттыру немесе сақтау мерзімін көбейту, сонымен қатар оттегінің әсерінен өнімдердің қаралану ықтималдығын азайту үшін өңдеуде. Del Monte оның ананастары адамның араласуының нәтижесі екенін жасырмайды, бірақ оны жарнамаламайды да: “генетикалық түрлендірілген” сөз тіркесі қазіргі уақытта Pinkglow™-да көрінбейді. Бірақ сіз “ГТА өнімдері жаман” мен “ГТА өнімдері керемет” арасындағы спектрінің қай жерінде болсаңыз да, компанияның он жылдан астам уақыт бойы жеуге болатын мемді іздеуге қажетті ресурстарды қалай бөлетініне таңданбау мүмкін емес.
Del Monte брендингтің барлық шектеулерін алып тастағаны таңқаларлық емес. Әрбір ананас алтынмен мөрленген түпнұсқалық сертификатымен келеді, онда ананас алушыны “осы патшалық деликатесті алуымен” құттықтауы және “#PinkGlowPineapple хэштегін белгілеп, лайктардың түсуін көру» керектігі туралы пайдалы ескертуі бар. Жемісті жөнелтпес бұрын оның тәжі кесіліп тасталады, яғни ол ананасқа емес, күлән қағазға оралған сырмалы футбол добына ұқсайды. Веб-сайттағы жиі қойылатын сұрақтарында тәжді кесу үдерісін былай түсіндірілген: “Pinkglow™ ананастары қолмен жиналады. Ананастың жаңа дақылдарын жандандыру үшін тәжді отырғызу керек.” Бұл, әрине, дұрыс, бірақ Del Monte тәжді кесудің екінші, мүмкін одан да маңызды себебін жасырады. Қолында тәжі бар үй бағбаны қолайлы климатта патенттелген жемісті көбейтуге немесе “ұрлауға” әбден мүмкін. Тәжсіз ананасты сатып алу, әрине, жемісті оның патшалық сұлбасынан айырады… бірақ коммерциялық құпия- бұл коммерциялық құпия. Менің жоғалған тәж туралы болжамымды біреу растай ала ма, жоқ па екенін білу үшін мен Del Monte-мен байланысқа шықтым, бірақ компания жауап бермеді. Мен бұл жерде мынандай қосалқы ой таптым: Қызғылт ананас диалог емес, ол мәлімдеме.
Ал оның дәмі қандай? Бастапқыда таза косметикалық өзгеріс — жеміске арналған ерін инъекциялары — сияқты көрінетін нәрсе сонымен қатар дәмдік салдарға да ие. Pinkglow™ тәттілік жарылысындай, табиғаттан тыс дәмге ие. Оның тәтті болуы соншалық, менің ұқыпты кесілген төртбұрыштарымның үстіне аздап лайм шырынын бүркіп жібіргенде олар әлдеқайда дәмдірек болды. Бұл кәдімгі ананастарға қажет емес қоспа екенін мен жеп жатқанда түсіндім. Дегенмен, оны қысқы таңда шыны ыдыста мұздай етіп алып келгенде, жемістің харизмасы болғаны сөзсіз.
Мен тағамдарға жасалған жаңа тәжірибелерге ерекше суйсінетінім рас. Жаңа жемістерді аңду және жеу басқа қызықсыз хоббилерге қарағанда мені жанды етіп сезіндіреді. Мен Панама шекарасына жақын жеріндегі Коста-Рика бағында борохоның дәмін татқан күнді (8 желтоқсан, 2018 жыл) ешқашан ұмытпаймын. Борохоның дәмі глинтвейнге, ал оның пішіні 200 жыл бойы біреу жер астында көмген бейсбол добына ұқсайды; оның бітімін мен тек үштік крем-бримен салыстыра аламын. Мен monstera deliciosa туралы армандаймын: бұл жалмауыздың сүйеліне ұқсай тұрып, құлпынай-гуава пудингінің иісіне ие жеміс. Не diospyros nigra, дәмі дәнектен құрма пастасын жалағанға ұқсайтын қара сапот. Мені тұрақты түрде үрейлететіні – мен әлі күнге дейін мушмуланы — оны жемес бұрын тазарту немесе шіріп кету дәрежесіне дейін қартаюы керек қызық қоңыр шарды — таба алмадым. Шамасы, олар орта ғасырларда үлкен болған.
Америкада ген-инженерлік өнімдерді сатқысы келетін кез келген компания FDA-мен (Тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектердің сапасын санитариялық қадағалау басқармасы) ерікті консультацияға қатысуға шақырылады және оның нәтижелері баршаның көруі үшін онлайн жарияланады. Del Monte 2015 жылы аты біршама ғылыми фантастикалық реңкке ие “Трансформация оқиғасының нөмірі – EF2-114” жаңа ананас туралы ақпаратты ұсынды. FDA бұл құжаттарды қарап шығып, қызғылт ананастардың тағамдық құндылығын қарапайым ананастармен салыстыруға болатындығына келісіп, Del Monte ұсынған сипаттаманың дәл екенін растады және жеміске аздап батасын беру арқылы Pinkglow™ — «адам тағамы мақсатында пайдалану үшін кәдімгі ананас сорттары сияқты қауіпсіз» деген қорытындыға келді.
Ең көрнекті ГТА жеміс-интервенцияларының екеуі тропикалық жемістерді де қамтыды. Кавендиш банандары — таңертеңгілік жарманың үстіне тиын қылып кесетін және смузиге айналдыратын түрі — әлемдегі банан жеткізу тізбегін бұзудың қауіпін төндіретін TR4 саңырауқұлақтарының құрбаны болды. 2012 жылы австралиялық ғалымдар жақсы нәтижеге үміттеніп Кавендишке TR4 төзімділік генін енгізді. Сол екі арада, папайялардың 1992 жылы Гавайи фермаларында алғаш рет зардап шегуіне және егіннің құртылу қауіпіне әкелген папайя сақинасының вирусына папайялар төзімді етіп жасалды. 2010 жылға қарай Гавайидегі папайя өсімдіктерінің 80% генетикалық түрлендірілген және де сол арқылы олар қайта гүлденген.
Енді обаға төзімді жемістерді дамытудың экономикалық ынтасы анық. Бірақ Del Monte-ге «джекпот» алып келген Instagram-ға бағытталған жаңа жеміспен нақты не болды? Оның бағасы 49$ болса да, компанияға көптеген жылдар бойы мұқият ғылыми-зерттеу жұмыстарының орнын толтыру үшін ондаған жылдар қажет емес пе? Нарықта қанша адам Spirit Airlines ұшағының билетінен қымбат жеміс сатып алады? Кез келген адамның ананасқа онлайн тапсырыс беруді әдетке айналдыратыны екіталай екенін ескерсек, өмірлік тұтынушының алып келетін құндылығы қандай болуы мүмкін?
Жауап, әдеттегідей, маркетингте жатыр. Pinkglow™ өзін-ара алмастыруға келмейтін жеміс. Бұл тіпті толыққанды тамақ та емес. Оның орнына, бұл Airbnb тағайындалған жерге баруға ұқсайтын сәнді тәжірибе. Жеміспен бірге жүретін карта 18 ғасырдағы еуропалық кештерде көрсету үшін жалға алынған кәдімгі ананастардың тарихына сәлем бергендей, оны «келесі кешіңіздің орталығы» етуді ұсынады. Pinkglow™ шынымен де ләззат алу үшін емес парасоциалды (біржақты) түрде күту, құжаттау және таңдану үшін жасалған. Әрине, оған да ләззат кіреді, бірақ ананастың бір бөлігін шайнау және жұту үшін бар болғаны бірнеше минут қажет. Көзге қанық болып түсетіннің өкілі ретінде, көзге қанық түсу элементі негізгі тұтынушылықтан әлдеқайда асып түседі.
Осыны ескере отырып, менің Pinkglow™-ға жақындаған жолым кенеттен адам мен жеміс арасындағы қарапайым әрекеттесуден күткеннен де маңыздырақ болды. Бұл кез келген онлайн әрекеттке ‘прокси’ болды: мен біртүрлі ананасты жеке экстазда жеп, ой елегінен өткізе алауым мүмкін, немесе мен оны анонимді аудитория үшін жеп, оны онлайн желіге жариялап және егеуқұйрық тәрізді, ұнатулар (лайктар) мен пікірлер (комментарийлер) үшін бетті қайта жаңартуым мүмкін. Таза қырсықтықтан ба, әлде мағынасыз қарсы шығу әрекетінен бе, не өз өмірін менің көңіл көтеруім үшін қиған ананасқа деген құрмет сезімнен бе – мен суретке жақсы шығатын жемісті Instagram-ға салуға бас тарттым. Ол ерте, ерте, ертедегідей алгоритнан тыс өмірді сүреді.